Слишком сложно? Тогда запросите консультацию специалиста!
Наша компания занимается тем, что помогает студентам выполнять различные учебные работы на заказ. Вы можете ознакомиться с перечнем выполняемых работ, а так же с их стоимостью на странице с ценами.
Дебиет
1. А.Н.Ақбасова, Г.Ә.Сайнова «Экология», Алматы 2003ж;
2. Бейсенова Ә.Б. Экология және табиғатты тиімді пайдалану. Оқу құралы. Алматы, 2004.
3. Сағымбаев Ғ.Қ. Экология негіздері. Оқу құралы. Алматы, 1995.
4. Оспанова Г., Бозшатаева. Экология. Оқу құралы. Алматы, 2000.
5. Бродский А.К. Жалпы экологияның қысқаша курсы. Оқу құралы. Алматы,«Ғылым», 1997, қаз.ауд. Көшкімбаев Қ.С.
6. Мәмбетқазиев Е., Сыбанбеков Қ. Табиғат қорғау. Оқу құралы. Алматы, «Қайнар», 1990.
7. Жамалбеков Е.Ү., Білдебаева Р.М. Жалпы топырақтану және топырақ географиясы мен экологиясы. Алматы, «қазақ университеті», 2000.
8. Фурсов В.И. Экологические проблемы окружающей среды. Алма-Ата, «Ана тілі», 1991.
9. Байтулин И.О. Экология Казахстана. Алматы, 2003.
ДӘРІС № 6
Тақырып: Биосфера туралы В. И. Вернадскийдің ілімі
Жоспары:
1. Биосфера - ғаламдық экожүйе ретінде.
2. Биосфераның негізгі қасиеттері.
3. «Тірі заттар»-биосфераның негізі.
4. Зат айналымы және олардың адаммен бұзылуы:
а) азот айналымы;
ә) көміртегі айналымы;
б) күкірт айналымы;
в) фосфор айналымы.
Дәріс мақсаты: Студенттерді биосфера түсінігімен, биосфера жайлы іліммен, биосфера компоненттерімен таныстыру.
Дәріс ұзақтығы: 1 сағат
1. Биосфера - ғаламдық экожүйе ретінде.
ХІХ ғасырдың басында ғылымға «биосфера» түсінігін енгізген француз жаратылыстанушысы Ж.Б. Ламарк (1744-1829) болған. «Биосфера» терминін тіршілік бар Жердің қабықшасын анықтау үшін «гидросфера», «литосфера» ұғымдарымен бірге ХІХ ғасырдың аяғында атақты австрия геологы Э.Зюсс (1831-1914) ұсынады. В. И. Вернадский (1863-1945) бұл терминді пайдаланды және биосфера туралы ілімді жасады. В.И. Вернадский биосфера деп планетаның тіршілік бар немесе болған, үнемі тірі ағзалардың әсеріне ұшырайтын, не ұшыраған бөлігін айтады (литосфераның жоғарғы бөлігі, гидро- және тропосфера).
Егер «биосфера» түсінігімен, Зюсс бойынша, Жер қабығының 3 сферасындағы (қатты, сұйық, газ тәрізді) тірі ағзалары байланыстырылса, ал В. И. Вернадский бойынша ең басты роль тірі ағзаларға геохимиялық күштерге бөлінеді. Ағзалардың маңызы олардың алуан түрлілігімен, барлық жерлерде таралуымен, Жер тарихындағы тіршілігінің ұзақтығымен, биохимиялық қызметінің таңдамалы сипатымен және табиғаттың басқа компоненттерімен салыстырғанда химиялық белсенділігінің жоғары болуымен анықталады.
Сонымен, биосфера түсінігіне ағзаның қазіргі уақытта ғана емес, сонымен бірге, өткендегі де іс-әрекеті өзгертуші іс-әрекеті кіреді.
Тірі ағзалары бар қазіргі уақыттағы биосфераның бөлімін қазіргі заманға биосфера немесе необиосфера деп атайды, ал көне биосфераға палеобиосфера немесе өткен биосфера жатады.
Планетадағы ағзалардың барлық жиынтығын В.И. Вернадский тірі зат деп атады. Оның негізгі сипаттамасы ретінде массаның, химиялық құрамы мен энергиясының жиынтығын қарастырды. В. И Вернадский тұжырымдаған константалық заң бойынша: биосфераның тірі затының мөлшері тұрақты шама болып табылады. Жердің бетін өзгертуші маңызды фактор тіршілік болып табылады. Оның ерекшелігі тек химиялы реакциялардың жылдамдығына ғана байланысты емес, кейбір реакциялар қалыпты температура мен қысымда, ағзадан тыс жүрмейді. В.И.Вернадский биосфераның Жердің ғаламдық біртұтас жүйесі ретіндегі көзқарасты жасады. Бұл жүйеде геохимиялық және энергетикалық өзгерістердің жүруі тіршілікпен анықталады. Жердің биосферасы ғаламдық ашық жүйе болып табылады. Оның «кірісі» бұл космостан келетін күн энергиясының ағыны, ағзалардың тіршілік қызметінде түзілетін заттар. Биосфера өздігінен реттелетін кибернетикалық жүйе. Оған геомеотаз қасиеті тән.
1926 жылы В.И. Вернадский биосфераның шекаралары туралы мәселені қойды. Биосфера шекарасын анықтайтын жағдайлар:
1. Көмірқышқыл газы мен оттегіні жеткілікті мөлшерде болуы.
2. Судың жеткілікті болуы (міндетті түрде сұйық күйде).
3. Температуралық режим тым жоғары және тым төмен болмауы керек.
4. Минералдық қоректену элементтерінің жеткілікті болуы.
5. Су ортасының белгілі бір тұздығы.
Қазіргі кезде тіршілік жер қыртысының жоғарғы бөлігінде (литосфера), жер атмосферасының төменгі қабаты (тропосфера) және Жердің сулы қабықшасында (гидросфера) таралған. Биосферадағы тіршіліктің таралуы біртекті емес. Тірі заттың шоғырлануы, негізгі орталардың бөліну шекарасында топырақта, яғни литосфера мен атмосфераның арасында, мұхиттың жоғарғы қабаттары, су қоймаларының түбінде, әсіресе литоральда (латын тілінен аударғанда litoralis-жағалау) толысу кезінде су астында қалатын және қайту кезінде құрғайтын теңіз түбінің белдеуінде, лимандарда және эстуарияларда өзен жағалауларында өте көп жоғары болады.
Тірі ағзалар ортаның химиялық жағдайларының кең диапазонында тіршілік ете алады. Жердегі алғашқы тіршілік иелері оттексіз ортада өмір сүрген. Анаэробты зат алмасу қазіргі ағзаларда, соның ішінде көп жасушалы ағзаларға тән. Бірқатар микрооргранизмдер тұздардың концентрленген ерітінділерінде де тіршілік ете алады. Кейбір тұрақты түрлер иондаушы радияцияның әсері жағдайында да тіршілік ете алады. Мысалы, бірқатар инфузориялар Жер бетіндегі радиациялық фонның табиғи деңгейінен 3 млн. есе жоғары сәулеленуді көтере алады. Кейбір бактериялар ядролық реакторлардың қазандықтарынан да табылған.
Қазіргі заманғы көзқарас бойынша неосфера шекарасы атмосферадағы, шамамен озон экранына дейін (полюстерде 8-10 км., экваторда 17-18 км., басқа жер беттерінде 20-25 км.), гидросфераны түгелдей, сонын ішінде Әлемдік мұхиттың (11022 м.) ең терең тұңғиығын да алып жатыр. Литосферадағы тіршілік бірнеше метрге дейін топырақ қабатын алып жатыр.
Палеосфера шекаралары атмосферадағы необиосферамен сәйкес келеді, ал су астындағы палеобиосфераға тау шөгінді жыныстары да жатады, В. И. Вернадский бойынша барлығы тірі ағзалардың үндеуінен өткен.
2. Биосфераның негізгі қасиеттері.
1) Биосфера – орталықтанған жүйе. Биосфераның орталық буыны тірі ағзалар (тірі заттар) болып табылады (антропоцентризм).
2) Биосфера –ашық жүйе. Биосфераның өмір сүруі сырттан келетін энергиясыз мүмкін емес. Биосфераға әрқашан күн сәулесі түседі.
3) Биосфера – өзін-өзі реттеуші жүйе. Бұл жүйеге ұйымдасқан гомеостаз тән.
4) Биосфера – көп түрлілікпен сипатталатын жүйе. Көптүрлілік кез-келген экожүйенің және биосфераның тұрақтылығының негізгі шарты.
5) Биосфераның маңызды қасиеті – заттар айналымын қамтамасыз ететін механизмдердің болуы және соларға байланысты жеке химиялық элементтердің және олардың қосылыстарының таусылмастығы.
3. «Тірі заттар»-биосфераның негізі.
«Тірі заттар» терминін әдебиеттерге В. И. Вернадский енгізген. Ол бұл терминді масса, энергия және химиялық құрам арқылы көрінетін барлық тірі ағзалардың жиынтығы деп түсіндіреді.
«Косты» заттарға өлі табиғаттың заттары жатады. (Мысалы, минералдар жатады). Табиғатта сонымен бірге, «Биокосты» заттар кең таралған.
«Тірі заттар» - биосфераның негізі, бірақ аз ғана бөлімін құрайды. Тірі заттардың ең жоғарғы орта өзгерткіш іс әрекетіне байланысты, негізгі ерекшеліктеріне келесілер жатады:
1)Барлық еркін кеңістікті тез меңгеру қабілеттілігі. Берілген қасиет бойынша В. И. Вернадский келесідей қортындыға келді, белгілі геологиялық кезеңдер үшін тірі заттардың саны тұрақты болды.
2) Қозғалыстың белсенділігі. Еркін қозғалу – биосферадағы кез-келген тірі затқа тән белгі.
3) Тіршілік кезіндегі тұрақтылық және өлгеннен кейін тез арада ыдырау. Тірі затты құрайтын химиялық қосылыстар ақуыздар, ферменттер және т.б. тек тірі ағзаларда ғана тұрақты болады.
4)Әртүрлі жағдайларға жоғарғы бейімделушілік қабілеттілігі (адаптация).
5)Реакция жүруінің ең жоғарғы жылдамдығы. Тірі және өлі заттың айырмашылығы химиялық реакциялардың жылдамдығынан көрінеді.
6)Тірі заттардың жаңаруының жоғарғы жылдамдығы.
7) Биосфераның тірі заты энергияның үлкен қорымен сипатталады.
8) Тірі зат өлі затқа қарағанда біршама жоғары морфологиялық және химиялық көп түрлілікпен сипатталады.
9) Биосферадағы тірі зат мөлшері әр түрлі жеке ағзалар түрінде болады.
Тірі зат өзіне тән қасиеттерге ие бола отырып биосферада белгілі бір биогеохимиялық функциялар атқарады.
1) Энергетикалық функциясы. Биосфералық планеталық құбылыстарын космостық сәулеленумен, негізінен күн радиациясымен байланысын жүзеге асырады.
Энергетикалық функция екі биогеохимиялық принциптен тұрады.
1-принцип: биосферада геохимиялық биогендік энергияны көп мөлшерде жұмсау.
2-принцип: өз тіршілігінде геохимиялық энергияны көбейте алатын ағзалар эволюция процесінде тіршілігін сақтап қалады.
2) Газдық: белгілі мекен ету ортаның ауа құрамын атмосферасын өзгерту мен тұрақы ұстау қабілеттілігі. Газдардың миграциясы мен өзгерісін жүзеге асыра отырып, биосфераның газдық құрамын қамтамасыз етеді.
3) Тотығу-тотықсыздану функциясы: тірі заттардың ықпалынан ортаны О2 байытуға байланысты тотығу процесі, сондай-ақ, О2 жетіспеген кезде органикалық заттардың ыдырауына байланысты жүретін тотықсыздану процесі. Тотығу дәрежесі өзгермелі атомдары бар заттардың химиялық өзгерістері. Жер бетінде тотығу мен тотықсызданудың биогенді процестері басым болады.
4) Концентрациялық – шашыранды химиялық элементтерді өз денесінде ағзаның шоғырландыру қабілеттілігі. Қоршаған ортаның биогенді элементтерін тірі ағзаларын жиналуынан көрінеді.
5) Деструктивтік – органикалық заттар қалдығы мен «косты» заттардың ағзалармен және олардың тіршілік әрекетінің өнімдерімен құлдырату немесе бұзылуы (деструкторларға саңырауқұлақтар мен бактериялар жатады). Өлімнен соң ағзалардың ыдырауымен байланысты процестер. Оның нәтижесінде органикалық заттың минерализациясы жүреді. Нәтижесінде биосфераның биогенді және биокостық заттары түзіледі.
6) Транспорттық – ағзаның белсенді қозғалыс формасы нәтижесінде заттар мен энергияның тасымалдануы. Ауырлық күшіне қарсы, горизонтальды бағытта заттардың тасымалдануы жүзеге асырылады. Тірі заттың кері төменнен жоғары, мұхиттан континенттерге тасымалдауын қамтамасыз ететін бірден бір фактор.
7) Орта өзгерткіштік – бұл функция шамалы мөлшерде интрегративтік функция болып табылады. Орта түзуші функция. Тіршілік процестерінің нәтижесінде ортаның физикохимиялық өлшемдері де өзгереді.
8) Информациялық.
4. Зат айналымы және олардың антропогендік іс-әрекеттер нәтижесінде бұзылуы.
Заттар айналымы 2 түрге бөлінеді:
1)Үлкен немесе геологиялық (құрлық пен мұхит арасында).
2)Кіші немесе биологиялық (экожүйе ішінде).
Энергия айналымы. Күн энергиясы Жер биосферасының жылу балансымен термиялық режимін анықтайтын негізгі қуат көзі. Жердің Күнді айналуына байланысты Жер бетіне түсетін Күн сәулесінің интенсивтілігі Жер - Күн қашықтығының өзгеруіне байланысты жыл бойы өзгеріп отырады. Жер мен Күннің ең аз ара қашықтығы 147 млн. км. шілденің басында байқалады. Ара-қашықтықтың өзгеруі Жер бетіне түсетін радиацияның тәуліктік мөлшерінің ауытқуына әкеледі. Жер Күн шығаратын энергияның тек 5* 10-10 бөлігін ғана алады. Бұл радиацияның жиынтығы 5,42* 1024 Дж жылына құрайды. Бұл энергия Жер бетіне атмосфера, мұхит және құрлық бетін қамти отырып, таралады. Жердің Күннен алатын энергиясының 33% бұлт пен құрлық беті, атмосфераның жоғарғы қабатындағы ұсақ дисперсті шаңнан шағылысады. 67% энергияны атмосфера мен же беті сіңіреді де, бірқатар өзгерістен соң кеңістігіне қайтарылады.
Кіші зат айналым геологиялық зат айналымның бір элементі болып табылады.
а) азот айналымы;
Азоттың негізгі көзі атмосфера болып табылады. Өсімдіктер азотты ыдыраған өлі органикалық заттан алады. Бактериалар ақуыздардың азотын өсімдіктер сіңіре алатын түрге өткізеді. Атмосферадағы бос азотты өсімдіктер тікелей сіңіре алмайды. Бактериалар мен көк жасыл балдырлар атмосфералық азотты байланыстырып, топыраққа өткізеді. Атмосферадан топыраққа өсімдіктерге [N] нитраттар (NO3) түрінде енеді. Нитраттар азот бекітуші ағзалардың іс-әрекеті нәтижесінде түзіледі.
[N] өсімдіктер үшін екінші көзі – органикалық заттардың ыдырауы нәтижесінде, атап айтқанда, белоктың ерекше тобы аммоний түзуші-ағзалар. (NH2–>NH3–>NO2–>NO3).
Азоттың атмосфераға қайта оралуы денитрификациялаушы-бактериялар іс-әрекеті процесінде жүреді (2NO3–>N2+3O2).
Азот айналым схемасы:

ә) көміртегі айналымы;
Атмосферадағы С фотосинтез процесі кезінде өсімдіктердің органикалық заттарына еніп, әрі қоректену тізбегіне қатысады. Фотосинтез үшін көміртегінің көзі атмосферадағы немесе суда еріген көмірқышқыл газы болып табылады. Ағзалардың тыныс алу процесінде С органикалық заттардан босатылады. С негізгі массасы өлі органикалық заттардан редуценттер арқылы (бактериялар, саңырауқұлақтар) бөлінеді. Өсімдіктер түзген органикалық заттың құрамында көміртегі қоректену тізбегі бойынша тірі, не өлі өсімдік ұлпалары арқылы өтіп, тыныс алу, ашу немесе отынның жануы нәтижесінде көмірқышқыл газы түрінде атмосфераға қайтады. Көміртегінің шамалы (аз) бөлігі Вернадскийдің айтуынша, заттар айналымнан торф, көмір, мұнай, су экожүйелеріндегі карбонаттар түрінде «геологияда минералдар түзуге кетеді».
Көміртегі циклінің негізгі бұзылуы геологиялық құрылымдардан бөлінетін заттарға байланысты. Сонымен қатар өсімдіктер бірлестігінің ауданы мен өнімділігінің өзгеруі нәтижесіне де байланысты. Осы С бір бөлігі атмосферада көмірқышқыл газы мен метан түрінде жиналып, «жылыжай әсерінің» пайда болуына ықпал етеді.
Көміртегі айналым схемасы:

б) күкірт айналымы;
Күкірт ең күшті және көп таралған ауа ортасының ластаушысының бірі. S-айналымының негізгі бұзылуы органикалық заттарды жағумен, күкіртті рудаларды өндірумен, топырақ-күкірт жүйесі циклінің бұзылуымен байланысты.
Күкірт бұл кезде атмосфераға улы қосылыс түрінде, диоксид (күкіртті ангидрид) ретінде енеді.
Күкірт айналым схемасы:

в) фосфор айналымы.
Фосфор айнымалының газ тәрізді фазасы болмайды. Фосфор ағзаларымен бірнеше рет тұтынылғаннан кейін құрлық пен сулы ортаның тұнба түрінде түбіне кетеді. Фосфордың қайтып оралуы мұхиттың ағзаларымен орнын толтырмайды, яғни құрлықтың қажеттілігін толтыра алмайды. Фосфорды пайдалану тұнбалық циклмен бітетін, біржақты процесс болғандықтан, ағзалар үшін фосфордың жетіспеушілік қаупі туады. Сондықтан оның орнын толтыру минералдық тыңайтқыштарды енгізу арқылы жүргізіледі. Фосфордың бір бөлігі құрлыққа мұхиттан теңіз өнімдерінен енеді.
Фосфор айналымының схемасы:

Фосфор мен күкірт тау жыныстарында болады. Тау жыныстарының бұзылуы мен эрозиясының әсерінен топыраққа өтеді де, оларды өсімдіктер пайдаланады. Редуцент ағзалардың тіршілік қызметі нәтижесінде олар қайтадан топыраққа қайтады. Азот пен фосфор қосылыстарының бір бөлігін жауын сулары өзендерге, одан теңіз бен мұхитқа қарай шайып, оны балдырлар қолданады.
Оттегінің циклі. Жердегі оттегінің циклі шамамен екі мың жылда, судың шамамен екі млн жылда жүріп өтеді. Бұл заттардың атомдары жер шарында әр түрлі тірі зат арқылы өткен. Атмосферадағы оттегінің мөлшері біртіндеп артты. Соңғы алты жүз млн жылда зат айналымдардың жылдамдығы мен сипаты қазіргі кездегі деңгейіне жақындады. Биосфера үлкен үйлесімді экожүйе ретінде жұмыс істейді.
«Ноосфера» түсінігі.«Ноосфера» терминін алғаш рет қолданғандар философ, математик, палеонтолог және антрополог Эдуард Леруа және палеонтолог Пьер Тейяр Шарден болды. Ноосфера ұғымымен француз ғалмдары адамның санасы пайда болған кездегі табиғаттың эволюциялық сатысын атады. Вернадский бойынша ноосфера «адам санасының ролі және ол бағыттайтын адам еңбегі күшті, өсіп келе жатқан геологиаялық күшке» айналатын биосфераның даму сатысы болып табылады.
Ноосфера сана, ақыл ой қабаты, экологияның төрт заңы. Ағылшын ғалымы Б.Коммонер тірі және өлі табиғаттың арасындағы барлық экологиялық өзара қарым қатынастарды төрт заңға біріктірген.
1. Барлығы барлығымен байланысты. Бұл заңның негізінде тірі табиғаттағы жалпы байланыстар принципі жатыр. Аталған принцип бойынша табиғаттағы күрделі трофтық немесе басқа да байланыстарда қандай да бір бөлігінің жойылуы күтпеген нәтижелерге әкеліп соқтыруы мүмкін. Әр түр көптеген басқа түрлермен байланыста болады.
2. Материя жойылмайды, жоқтан пайда болмайды, ол бір түрден екінші түрге өтеді. Кез келген табиғи жүйеде бір ағзалардың экскременттері мен қалдықтары екіншілері үшін азы болып табылады. Жануарлардың тыныс алуы нәтижесінде бөлініп шығатын қалдық көмірқышқыл газы жасыл өсімдіктер үшін қорек. Өсімдіктер жануарлар тыныс алуы кезінде оттегіні бөліп шығарады.
3. Табиғат өзі жақсы біледі. Табиғи жүйеге кез келген ірі антропогенді әсер зиянды. Табиғатта егер оны ыдырату жолы болмаса, ешқандай жаңа органикалық зат жасалмайды. Тірі ағзада жасалатын кез келген органикалық затты ыдырататын фермент болады.
4. Тегін еш нәрсе жоқ. Ғаламдық экожүйе біртұтас бүтінді құрайды. Адамның еңбек қызметі нәтижесінде экожүйеден алынған нәрсенің барлығы қайтарылуы тиіс. Біздің көптеген қателіктеріміз табиғаттағы барлық құбылыстардың өзара байланысын практикада пайдалана білмеуімізге байланысты туындап отыр.
Сонымен, биосфера дегеніміз тірі ағзалардың және осы ағзалармен үздіксіз алмасуда болатын планета барлық затының және оның қызметінің жиынтығынан тұратын Жердің қабықшасы.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
1. Биосфера концепциясының мәні неде?
2. Вернадскийдің биосфера және ноосфера туралы ілімінің қағидалары қандай?
3. Биосфераның ерекшеліктері қандай?
4. Биосфераның тірі зат компонентін түсіндіріңіз.
5. Коммонер заңдарының мәнін түсіндіріңіз.
6. Биогенді миграция заңдылығының әсер ету принципі қандай?
Әдебиет:
1. Вернадский В.И. Биосфера. М., 1975. Вернадский В.И. Живое вещество. М., 1987.
2. Вернадский В.И. Размышления натуралиста., 2 кн. Научная мысль как планетарное явление. М., 1977.
3. Тейяр де Шарден П. Феномен человека. М., 1973.
4. Горелов А.А. Экология , Москва «Юрайт», 2002.
5. Одум Ю. Основы экологии. М., 1975.
6. Воронков Н.А. Экоогия общая, социальная, прикладная. М., 2001.
7. Стадницкий Г., Родионов А. Экология М., Просвещение, 1996.
ДӘРІС № 7
Тақырыбы: Тұрақты даму концепциясы
Жоспар:
1. Тұрақты даму, мақсаты, міндеттері, мәселелері
2. Қоршаған ортаны қорғаудағы халықаралық қарым-қатынас.
4. ЕҚТТ-ның (Ерекше Қорғалатын Табиғи Территория) жалпы
мәселелері
5. Қоршаған орта және әлем қауымдастығы. ШЕКОА (Шығыс Еуропа, Кавказ, Орталық Азия)
6. Орталық Азия аймағында экологияны сауықтырудың басты бағыттары
Дәріс мақсаты: Студенттерді тұрақты даму тарихымен мақсаты, міндеттері, мәселелері таныстыру. Қоршаған ортаны қорғаудағы халықаралық қарым-қатынастарымен таныстыру.
Дәріс ұзақтығы: 1 сағат
Тұрақты даму дегеніміз – келесі ұрпақтардың өз мұқтаждықтарын қанағаттандыру мүмкіндіктеріне зиян тигізбей, бүгінгі күн қажеттіліктерін қанағаттандыратын даму үрдісі.Тұрақты даму табиғи қорларды олардың байлығы мен біртұтастығы толық сақталатындай етіп тиімді пайдалануға бағытталған. Ол адам дамуы мәселелеріне денсаулық, тамақтану, жұмысбастылық, пен тағы да басқа мәселелердің бірқатарын ескере отырып кешенді түрде қарау қажет деген ұғымды білдіреді.
Тұрақты дамуды қамтамасыз етудің негізгі міндеттеріне мыналарды жатқызамыз:
· Қоршаған ортаның сапасын тұрақтандыру;
· Табиғатты пайдалану және қоршаған ортаны қорғауды басқарудың тиімді жүйесін құру;
· Табиғи қорларды теңестірілген пайдалану негіздерін қалау.
Экологиялық мәселелерге байланысты осы міндеттерді іске асыру, тұрақты даму мәселесін шешу жолдары болып табылады.
Жер бетіндегі тіршілікті қорғау бүкіл адамзаттың бірігуін талап етеді. Тұрақты даму мәселесін шешу үшін, ең қарапайым тәсілі әр адамның экологиялық сауатсыздығын жоюдан бастау керек. Адамның ең негізгі мақсаты – биосфераны қорғау және сақтап қалу.
Қазіргі кезде экология ерекше маңызға ие. Жер бетінде халық санының өсуі, көптеген елдердің индустриялды дамуы, табиғат ресурстарын пайдалнуды еселеп арттырып, адамның табиғатқа әсерін өсіре түсуде. Кейбір елдерде қоршаған ортаның жағдайының нашарлауы соншалық, адамдар денсаулығына кері әсер ете бастады. Осының бәрі қоғамды қоршаған ортаны қорғау мәселесіне ерекше көңіл аударуға, табиғатты сақтау және қалпына келтіру мәселелерімен жақсырақ айналысуға, сондай-ақ оның ресурстарын үнемі пайдалануға итермелейді.
Адамзат табиғатқа тек оның жағдайын нашарлату арқылы ғана әсер етпеу керек, шамалы табысқа бола оларды жыртқыштықпен жұмсауға, қоршаған ортаны адамдар барлық тіршілік үшін зиянды қалдықтармен ластауға болмайды. Осыған байланысты алдыңғы кезекте, табиғатты пайдалану, экологиялық сараптау мен жобалауды кең қолдану, сондай-ақ табиғатты пайдаланудың обьективтік-экономикалық механизмін жасау проблемалары туындайды. Осылар қалыптасқан экологиялық жағдай адамдарды қиындықтар мен дағдарыс туралы сөз қылуды қойып, өздерінің ұлғайған тәбеттерін тежей отырып және табиғат ананың мүмкіндіктерімен есептесе отырып нақты істерге көшуге итермелеуі тиіс.
Адамзат қоғамының алдында тұрған экологиялық мәселелер оның дамуының барлық даму кезеңдерінде орын алып отырды.
Өндірістік қоғам мен демографиялық жарылыс кезеңінде адамзаттың табиғатқа кері әсерінің нәтижелері, ғаламдық сипатқа ие болды.
Экологиялық мәселенің мәні – табиғаттағы қалыптасқан тепе – теңдікті бұзбай, миллиардтаған адамдарды жерде қоныстандыру және барлық қажеттіліктерін қамтамасыз ету. Қазіргі жердегі тіршілік адам қызметінің сипатына тәуелді. Адамзат қоғамының үздіксіз, ұзақ уақыттық, бірқалыпты жағдайда, табиғи және әлеуметтік дағдарыссыз дамиды.
Мұндай дамуды тұрақты даму деп атайды. Бірақ бұл үшін адамдардың сана сезімі, оладың мақсаты мен адамгершілік бағыттылығы өзгеруі тиіс.
Жоғарыда айтылып өткендей, адамзат қоғамның алдында тұрған экологиялық мәселеллер оның дамуының барлық тарихи кезеңдерінде орын алып отырды. Бірақ өндірістік қоғам мен демографиялық жарылыс кезеңінде адамзаттың табиғатқа теріс әсерінің нәтижелері ғаламдық сипатқа ие болды.
Қазіргі кезең адамның ерекше биосфералық қызметі-биосфераны қорғау мен сақтап қалу қызметімен анықталып отыр.
Экологиялық мәселелердің алдын алу үшін адам ретсіз дамуды тиімді, реттелген, табиғат пен қоғамның даму заңдарына негізделген дамуға өтуі тиіс. Тек осы кезде ғана адамзат қоғамының дамуы үздіксіз, ұзақ уақыттық, бірқалыпты жағдайда, табиғи және әлеуметтік дағдарыссыз дамиды.
1987 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Дүние жүзілік қоршаған орта мен даму коммисиясы «Біздің жалпы болашағымыз» атты есебінде «Қоршаған орта үшін қауіпсіз жолда экономикалық дәуірге» аяқ басуға шақырды. Осында алғаш рет «Тұрақты даму» концепциясы ұсынылды.
1992 жылдың маусым айында Рио – де – Женейро қаласында өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Дүние жүзілік қоршаған орта мен даму коммисиясы «Біздің жалпы болашағымыз» атты конференциясы «Тұрақты даму» конференциясын және «ХХІ ғасырдың күн тәртібіне» атты ауқымды бағдарламасын қабылдады. Бұл бағдарламада шешілуі болашақта тұрақты дамуды қамтамасыз ететін жалпы мәселелер қарастырылған. Солардың ішінде негізгі мәселелеріне тоқтала кетсек:
· Кедейлікпен күрес. Еңбек ақыны қамтамасыз етуі, кедейлердің өзін-өзі қамтасыз етуі мен бай елдерден тәуелділігін кеміту. Еңбекке жарамды халықтың санын арттыру. Табиғат ресурстарын сақтау және тұрақты даму. Білім беру жүйесін жетілдіру. Отбасын жоспарлау.
· Тұтынудың құрылымын өзгерту: Энергетикалық және шикізаттық пайдалануды қысқарту, экологиялық таза технологияларды дамыту.
· Халық және тұрақтылық: 1993 жылы дүниежүзіндегі халық саны 5,5 миллиард астам болды. Ғалымдардың болжауынша 2020 жылы 8 млрд.-қа жетеді.
· Адам денсаулығын сақтау мен жақсарту: Халықтың денсаулығы қоршаған ортаның жағдайына байланысты болады.
· Тұрақты тұрғын жерлер (Урбанизация).
· Атмосфераны қорғау: Атмосфераға қалдықтарды шығарудың негізгі көзі- энергияны өндіру мен тұтыну;
· Ормандарды жоюмен күрес: Топырақ пен суды, атмосфераны қорғауда, өсімдіктер мен жануарлардың биологиялық алуан түрлілігін сақтауда маңызды роль атқарады. Үкіметтерге ормандардың тұрақты дамуына арналған ұлттық бағдарламаларды жасап, оларды жүзеге асыру қажет.
· Шөлдену мен құрғақшылықпен күрес;
· Мұхиттарды қорғау мен тиімді пайдалану;
· Тұщы суды қорғау мен тиімді пайдалану;
· Улы химиялық заттарды қолданудың қауіпсіздігін арттыру;
· Қатты қалдықтар мен шайынды суларды жою;
· Радиоактивті қалдықтарды жою;
· Балалар мен жасатардың тұрақты дамудағы ролі;
· Тұрақты даму мақсатындағы ғылым мен білім беру.
Қазіргі кездегі ғылыми зерттеулер адамзаттың тіршілігін сақтау мақсатында жұмыс істейді. ХХІ ғасырда биосферада қауіпті өзгерістер болуы мүмкін. Ғалымдар төмендегі мәселелерді зерттеуде: ауа-райының өзгеруінің, ресурстарды пайдалану артуы, демографиялық тенденциялар, ортаның адам денсаулығына әсері және т.б. Бағдарлама әртүрлі жастағы адамдардың қоршаған ортаны қорғау мен даму мәселелері бойынша білім алуын қамтасыз етуі керек. Экологиялық білім беру – адамзаттың тұрақты дамуының қажетті шарты.
Сонымен қатар конферецияда мәлімдеме мен екі концепция – климаттың өзгеруінің алдын алу мен биологиялық алуан түрлілікті сақтау мәселелері бойынша қабылданды. Бұл мәселелерді кешенді ғылыми тұрғыдан шешуге болады. Бұл үшін экологиялық, экономикалық және әлеуметтік дамудың барлық негізгі топтарын біртұтас кешен ретінде қарастыру керек.
Қазақстан Республикасының Үкіметі ұсынған «Қазақстан Республикасының экологиялық саясаты белгіленді». Республика президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Бас Ассамблеясында жасаған баяндамасында тұрақты дамуға жетудің түйінді мәселелерін шешудегі еліміздің белсенді қызметін дәлелдейтін нақты мысалдар келтірді.
1992-1998 жылдары аралығында Қазақстан тарихта бірінші болып, ядролық полигонын жауып, ядролық қарудан бас тартты. Аралды сақтап қалуға арналған интеграциялық процестердің ұйытқысы болды.
Қазіргі кезде экономикалық мәселелерді интеграциялау іс- шаралары ісдестірілуде.
· Бұзылған экожүйелерді қалпына келтіруді қамтамасыз етуді ету;
· Суды тиімді пайдаланудың нақты шараларын анықтау;
· Жерді пайдалану, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын жүзеге асыруға, биоогиялық алуантүрлілікті сақтауға бағытталған үйлесімді іс – шараларды қабылдау.
Биологиялық алуантүрлілікті сақтау концепциясына сәйкес биологиялық алуан түрлілікті қорғаудың Ұлттық баяндамасы қабылданады.
Тұрақты дамуды қамтамасыз ету құралдарымен байланысты мәселелерге мыналар жатады:
· Қаржы ресурстары және оларды пайдалану механизмі;
· Экологиялық қауіпсіз технологияларды қолдану;
Тұрақты дамуды ғылыми және ақпараттық қамтамасыз ету. Бұл мәселелердің біздің Республикамыздың тұрақты дамуын қамтамасыз етуде маңызы ерекше. Бұл мәселелерді шешудің міндеттері «Қазақстан Республикасының экологиялық қауіпсіздік» концепциясында қарасатырылған (Қазақстан Республикасының Президентінің шешімімен бекітілген, 30 сәуір 1996 жыл). Республиканың экологиялық қауіпсіздігі дегенде ең алдымен қоршаған ортаға антропогенді немесе табиғи әсердің нәтижесінде жеке адамға, табиғат пен мемлекеттің өмірлік маңызды қажеттіліктерін нақты және мүмкін болатын қауіптен қорғауды қамтамасыз ету процесін түсінеміз. Экологиялық қауіпсіздік жүйесіне биосфера мен сыртқы антропогенді және табиғи факторлар арасындағы тепе-теңдікті ұстап тұруға бағытталған медициналық, биологиялық, экоклогиялық, құқықтық іс-шаралардың жиынтығы жатады. Алда тұрған маңызды мәселенің бірі адамды қоршаған ортаға мүмкін болатын шекті экологиялық қысымды, яғни экожүйелердің өзара байланыстары, қарым-қатынастары, олардың біртұтастығы сақталатын антропогенді факторлардың әсер етуінің максималды деңгейін анықтау болып табылады.
Қазіргі кезде Қазақстан территориясының көптеген бөліктері күшті антропогенді әсерге ұшыраған. Арал маңы аймағы экологиялық қатер аймағы болып табылады. Мұнда шаруашылық қызметінің нәтижесінде қоршаған орта қайтымсыз өзгерістерге ұшыраған, Аралдың экожүйесі бұзылып, халықтың денсаулығының төмендеуі мен өлімнің артуы байқалып отыр.
Қазақстан Республикасының «Экологиялық қауіпсіздігінің стратегиялық мақсаты мен міндеттеріне» экологиялық білім және тәрбие беру жүйесін жасау дамыту жатады.
Жалпы тұрақты дамуды тежейтін, экологиялық қауіп төндіретін табиғатқа антропогенді әсер ету. Қазіргі кезде адам мен оны қоршаған орта арасындағы қарым – қатынасы күрделене түскені мәлім. Жер шарындағы халық санының жедел өсуі мен өндіргіш күштердің күрт дамуы, адамның табиғатқа жүргізетін ықпалын күшейтті. Әсіресе ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап, адам мен табиғат арасында жаңа жағдай қалыптаса бастады. Адамзат қажетіне керек шикізатқа сұраныс материалдық өндірістің көлемін арттырды, жер қойнауы мен мұхит байлығы жедел игерілді. «Табиғат заңына бағынбаймыз, оны өз игілігімізге қолданамыз, бермесін тартып аламыз» деген көзқарас пайда болды. Мұның барлығының жер бетіне тигізген әсерін табиғаттың өзіне тән құбылыстардан – табиғи өзгеріс пен, су тасқыны, жер сілкінісі әсерінен әлдеқайда асып түсті.
Жер бетіндегі экологиялық жағдайдың өзгеруі, әсір